Алматы облысында 9 жыл бұрын жоспарланған мектеп әлі салынған жоқ

© Sputnik / Алексей Мальгавко / Медиабанкке өтуМектеп автобусы, архивтегі фото
Мектеп автобусы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2024
Жазылу
2015 жылдан бері салынбаған мектеп тіпті "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасына кірген
АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. Алматы облысы Айғаным ауылында 1,5 мыңға жуық бала өзге ауылдарға барып оқуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Айғанымдағы мектепке арналған жер учаскесі осыдан 9 жыл бұрын белгіленіп қойған.
"2015 жылдан бастап 300 орындық мектеп салуға учаске бөлінді. Мердігер ретінде бір компания таңдалды, бірақ ол сараптамадан өтпей, құрылысы тоқтады. Біз білетіндей, сол кезде құрылысқа қаражат бөлінген, бірақ бұл қаражаттың қазір қайда екені белгісіз", – дейді ауыл тұрғыны Нұрболат Келгенбаев.
2019-2020 жылдары мердігер ретінде басқа компания таңдалып, 600 орындық мектеп салу жоспарланған болатын, бірақ бұл жоба да сол күйі іске аспаған.

"Балаларды таксимен тасудан шаршадық"

"Бұл бағдарлама бойынша құрылыс 2024 жылы аяқталуы керек еді. Бірақ іс жүзінде ешнәрсе жоқ. Біздің білуімізше, тендерді жеңіп алған компанияның жобасы мемлекеттік сараптамадан өте алмаған. Бізге өзі мектеп қашан салынады?"- дейді ауыл тұрғындары.
Ауыл тұрғыны Келгенбаевтың айтуынша, білім министрлігі ақша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорынан бөлінетіндіктен тұрғындарға еш проблема болмайды деп сендірген.
Қазіргі күні 1,5 мыңға жуық бала жақын маңдағы ауылдарға, кейде басқа аудандарға баруға мәжбүр, ал ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды.
"Айғаным ауылының өзінде мыңнан астам бала бар, сонымен қатар көрші ауылдардың балалары бар, осылайша 2 мыңға жуық бала басқа ауылдарда оқып жүр. Оқушыларды көлікпен, таксимен тасудан шаршадық", - дейді ауыл тұрғындары.
Айта кетері, жыл сайын мектепке баратын балалардың саны артып келеді.

Билік не дейді

Алматы облысының білім басқармасы жақын маңдағы ауылдардың мектептерінде Талғар ауданының Айғаным және Ай-Абылай кенттерінен 1 260 бала оқитынын растады. Білім бөлімінің айтуынша, оқушыларға мектеп автобустары тегін тасымалданады.
"Оның ішінде 517 бала орта мектепте оқиды 7, 13, 24, 38 Іле ауданы Өтеген Батыр ауылының 325 баласы Қызылту ауылының 24-орта мектебінде, тағы 418 бала Талғар ауданының Еркін ауылының 26-орта мектебінде оқиды", – деп нақтылады басқарма.
2023 жылы Талғар ауданы бойынша Айғаным және Ай-Абылай ауылдарынан оқушыларды тасымалдау үшін 36 орындық екі жаңа автобус берілген.
"Сонымен қатар келісімшарт бойынша оқушылардың үш автобусын жеке кәсіпкер "Бөлешов" тасымалдайды. Балаларды тасымалдауға барлығы бес автобус тартылды", - деп толықтырды облыстың білім басқармасы.

Мектеп салына ма?

Мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған, дейді Алматы облысының білім басқармасы.
9 жыл бойы салынбаған мектеп тіпті "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасына кірген. Ведомствоның көздегені – орта білім беру ұйымдарындағы апатты объектілерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Айғаным шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысын бастау және оны 2024 жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған", - деді басқарма.
Бүгінде "Самұрық-Қазына констракшн" акционерлік қоғамы мектеп құрылысын бастауға рұқсат алу жұмыстарын жүргізіп жатыр, дейді облыстық білім басқармасы.
Жаңалықтар
0