Денсаулық

"Кімді алдағымыз келеді": Ақмола облысының санитар дәрігері той туралы

© AP Photo / Luca Brunoпациенттің қолы
пациенттің қолы - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.08.2021
Жазылу
Мусинаның айтуынша, облыс реанимациялық төсек-орынның толуы бойынша төртінші орында тұр. Ал науқастар әлі түсіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Ақмола облысының санитар дәрігері Айнагүл Мусина карантин кезінде той мен жалған вакцина паспортын жасаушылардан бұл әрекетті доғаруды сұрап, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың қаншалықты ауыр екенінен мысалдар келтірді. 

"Қайырлы таң, егер оны қайырлы деуге болса. Шынын айтсам таңертеңгі науқастар мен қайтыс болғандар туралы ақпараттан кейін қорқыныш үдей түсті. Тамыз басталғалы өңірде күніне 14-16 адам көз жұмады. 165 адамның жағдайы аса ауыр. Мысалы, шілденің басында олардың саны 60 болатын. Біз реанимациялық төсек-орынның толуы бойынша төртінші орында тұрмыз. Телефонға күн сайын "ауруханаға жатқызуға көмектесіңізші", "сатурация 60", "өкпенің қабынуы 70 процент" деген сияқты өтініштерін айтып науқастар мен олардың жақындары хабарласады. Енді бірде "тағы бір өлім, қалай жерлейміз" деген хабар келеді", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Оқи отырыңыз: Полицейлер вакциналау паспортын сататын дәрігерлер қандай қулық жасайтынын анықтады

Айнагүл Мусина облыста вакциналау көрсеткіші де төмендеп кеткенін айтты. Оның айтуынша адамдар заңды айналып өтудің амадалдарын қарастырып, жалған паспорт, анықтама жасауға көбірек ден қояды. Ал той болса тоқтар емес.

"Шектеу мен тыйым салуға қарамастан той мен өзге де жиындарды өткізіп жатқан адамдардың бәрі кінәлі. Қонақтарды қарсы алу үшін небір әрекеттерге баратын кафе, ресторан басшылары да кінәлі. Ashyq жайына қалды. Бүгінгі сырқаттанушылар туралы ақпаратта бір ауданның екі кафесінің басшысы мен екінші ауданның жасырын той қонақтары бар", - деп жазды ол.

Оның сөзінше, көрші ауданда вакциналау паспортын жасатып алған 53 жастағы кәсіпкер көз жұмды. Туыстары вакциналау паспортын Көкшетаудан сатып алғандарын мойындады.

"Кімді алдағымыз келеді. Өлім туралы анықтамалар жалған емес! Шілде айында екі бала коронавирустан көз жұмды. Той ұйымдастырушылары, ең үлкен кінә сіздерде. Біреулер үшін 5 сағаттық көңіл көтеру, ажалына апаратын жол болуы мүмкін. Доғарыңыздар, өздеріңізді және жақындарыңызды ойлаңыздар", - деді ол.

Жаңалықтар
0