Кредит алуға қатысты тағы бірқатар шектеулер қабылданды
Жазылу
Заң аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қосымша шаралар қарастырылған
АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Парламенттің төменгі палатасы кредит алуға қатысты тағы бірқатар шектеулер қабылдады. Сенаттан кейін оны бірден президенттің қол қоюына жібереді. Sputnik Қазақстан заңға енгізілген негізгі өзгерістерді ұсынады.
Кредит кімге берілмейді
Мәжіліс депутаттары қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын заңды қабылдап, жоғары палатаға жіберді. Осы құжатқа сәйкес, кредитке қатысты бірқатар маңызды шектеулер енгізіледі. Олар:
әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру уақытында несиелер мен шағын несиелерді бермеу;
несие алуға алғаш рет өтініш берген адамның банкте немесе микроқаржы ұйымының филиалында міндетті түрде болуы;
шағын несиелер бойынша айып өндіруге тыйым салу;
21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несиені "электронды үкімет" порталы арқылы келісім алғаннан кейін ғана рәсімдеу;
мемлекеттік бюджеттен төленетін төлемдерді және табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарға арналған қайырымдылық ұйымдарынан түскен ақшаны үшінші тұлғалардың өндіріп алуына тыйым салу;
тұтынушылық кепілсіз онлайн несиелерді беру үшін 24 сағаттық "салқындату кезеңін" енгізу.
Айта кетері, "салқындату кезеңі" – бұл ойлануға берілетін уақыт. Мәселен, банкте немесе микроқаржы ұйымы тұтынушылық кепілсіз онлайн кредитті беруге келіссе, оны алатын адамға ойлануға бір тәулік, яғни, 24 сағат беріледі. Осы уақыттың ішінде ол кредит алуға қаншалықты мәжбүр екенін ой елегінен өткізе алады.
Ай сайынғы төлем екі есеге азаяды
Заң аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қосымша шаралар қарастырылған.
"Бұл санаттағы азаматтардың экономикалық жағдайы нашарласа, міндетті түрде кемінде үш ай мерзімге айыппұл есептемей несие мен микрокредиттер төлеу кейінге шегеріледі. Сондай-ақ олардың ай сайынғы төлемі 50 пайызға немесе одан да көп мөлшерге азайтылады", - дейді депутаттар.
Қандай комиссияларды алып тастайды
Алдағы уақытта кредиттер бойынша кейбір комиссияларға да тыйым салынады. Атап айтқанда, банк несиесін ішінара немесе мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алу алынып тасталады. Ал шағын несиелер бойынша кез келген тұрақсыздық айыбы мүлдем болмайды. Бірақ шағын кредитті қайтармағаны үшін есептелген айыптар қалады.
Сондай-ақ, қарыз алушылардың жүктемесін азайту мақсатында банк несиесі немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру агенті комиссиясының шекті мөлшері 10 пайыз болып белгіленді.
Алаяқтар іліп кеткен кредиттер қайда кетеді
Заң бойынша банктер алаяқтық белгілері бар транзакцияларды анықтаған жағдайда банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтатуға өкілеттік алады. Сондай-ақ, алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер мен микроқарыздарды есептен шығару негіздері кеңейтіледі. Бұған дейін Sputnik Қазақстан кредитті кейінге шегерудің негізгі шарттарын жазған болатын.
Бұдан бөлек, кредит мәселесін шешетін банк омбудсменіне жүгінуге мүмкіндік бар.
Ал кредит картасын дұрыс пайдалану қаржыны үнемдеуге және тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.