76 жастағы хореограф: Өзбекәлі Жәнібековтен қазақша би дайындауға тапсырма алғанмын
22:36 07.04.2025 (жаңартылды: 22:37 07.04.2025)
© Sputnik/Ертай СарбасовҚара жорға биі

© Sputnik/Ертай Сарбасов
Жазылу
Оның төрт ұл, бір қызы бар, ең кенжесі - әке жолын қуған биші
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Хореограф Ерсін Жүсіпов 76 жаста. Әлі күнге дейін балаларға би үйретумен келеді. Өнер үшін, өнерлі ұрпақ үшін ішкен асын жерге қойған қарт бишімен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасты.
Ол Қостанай педагогикалық институтының химия-биология пәнінің мұғалімі болған. Мектепте жүріп қоғамдық жұмысқа қатысып, балаларға биден сабақ үйреткен. Сол кезде мектеп басшылығының көзіне түсіп, тәрбие жөніндегі меңгеруші болып сайланады.
"Торғай облысына 8 ұл, 8 қызды биден байқауға апардым. Сол жерде Өзбекәлі Жәнібеков Торғай облысында үшінші хатшы болып тұрған, сол кісі мені шақырып алып "Торғай жігіттерінің биі" деген таза қазақша биді дайындаңыз деді. Бұл 1971 жылы еді, жасым 25-те", - дейді Ерсін аға.
Сол уақыттан бастап "райком" бұйрығымен аудандық мәдениет үйіне әдіскер болып қызметке ауысады.
"Арқалық қаласына көшіп барғанымда мектепке өз мамандығыммен жұмыс сұрап бардым. Директор мені хореограф етіп алды. Сол мектепте ансамбль құрдым. Кейіннен Арқалықтағы мәдениет үйіне шақырды, сол жерде "Ақбота" деген халық ансамблін құрдым", - дейді хореограф.
Қазір Ерсін Жүсіпов Астанада тұрады. Әлі күнге дейін балаларды биге үйретіп келеді.
"Кәсіби биші емеспін, бірақ осы уақытқа дейін көп балаға би үйреттім. 30 шақты шәкіртім кәсіби білім алған, еңбек етіп жүрген кәсіби бишілер. Атақты ансамбльдерде жұмыс істейді", - дейді Ерсін аға.
Оның төрт ұл, бір қызы бар, ең кенжесі - әке жолын қуған биші. Ішкі істер министрлігінің ансамблінде еңбек етеді. Ерсін Жүсіповтың әке-шешесі қойшы болған. Бұл қасиет кімнен дарығанын білмеймін, мүмкін нағашымнан болар, ол суретші еді, дейді маман.
Ерсін Жүсіпов Күні бүгінге дейін балаларды жетектеп, би билеп, талай гастрольдік сапарға шыққан, талай рет жүлделі орындарды алған.
"Ырғақты қабылдауы онша емес балалар бар, соларды шетіне тұрғызып қойып, бір, екі деп үйретіп тұрғанмын. Киімім де онша емес, бейнежазбаға кім түсіргенін де білмеймін. Кейін немерем "ата, жұлдыз боп кетіпсіз ғой" дейді. Өзім таңғалдым. Ұят боп қалды негізі, балаға би үйрету міндетім ғой", - дейді Ерсін Жүсіпов.
Хореограф Ерсін Жүсіптің шәкірті Мереке Төреқан қазіргі уақытта "Салтанат" би ансамблінде биші. Ұстазы туралы ол былай дейді:
"Біздің ағайымыздың еңбегі өте көп, қанша еңбек, кезінде бізге қатты жекіп сөйлесе де, ата-анамызға бір артық сөз айтпайтынбыз. Ерсін ағамыз қазіргі мықты профессор, мықты көркемдік жетекшілерден әлдеқайда білікті, кезінде Ерсін ағай барлық қаланы шулатып дүркіреткен кісі".
Хореограф Ерсін Жүсіптің шәкірттері ұстаздарының еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланса екен дейді.
"Ағаймыздың үлкен бір арманы - ол барлығымыздын басымызды қосып, үлкен концерт беру еді. Бірақ біз кімге барып, кімнен қол ұшын сұрарымызды білмейміз. Түлектерінің атынан жергілікті әкімдерге үлкен өтініш білдіргім келеді, қолдап жіберсеңіздер, жақсы болар еді", - дейді биші шәкірт.